Тарихи туындының бірінші кезеңі 25 сериядан тұрады. Бүгін Қазақфильм алаңында алғашқы кастингке фототүсірілім өтті.
«Түсірілім жұмыстары жазда шілде айында басталады. 25 қаңтардан бастап кастинг жарияладық. Осы уақытқа дейін 5 000 адам келді. Пошта арқылы 9000 адамның мәліметін алдық. 12 наурызда Қазақстанның барлық өңірлерінде кастинг басталады», - деді кастинг-продюсер Алма Баймұратова.
Тарихи туындыға сценарийді бірнеше адам жазып жатыр. Топ жетекшісі - драматург, «Қазақфильм» АҚ сарапшылар кеңесінің төрағасы Бекболат Шекеров.
«Қатысқысы келетіндер өте көп. Бірақ бізге табиғи сұлулық керек. Алматыда 3-80 жас аралығындағы адамдарды іздеп жатырмыз. Ал өңірлерде 15-45 жас аралығында іздейміз. Сонымен қатар, ер адамдардың бойы 180 сантиметрден төмен болмауы тиіс. Және екі иығы кең, жауырыны қақпақтай, даусы жуан болғаны абзал. Келген балалардың да ең алдымен бет-жүзіне назар аударамыз. Балада жасандылық болмайды. Бірінші тур - фототүсірілім. Бұл турда біз қатысушылардың эмоциясын бақылаймыз. Одан өткен адамдарды екінші турға - видеотүсірілімге шақырамыз»,- дейді Алма Баймұратова.
Жобаға көркемдік жетекшілік етуге «Эртургул» киносының режиссері Метин Гюнай шақырылды. Кімнің бас режиссер болатыны әлі белгісіз. Қазір қоюшы-суретшілер костюмдердің эскизін Түркия мамандарымен талқылап жатыр.
«Бүгінгі кастингке отбасымызбен, жолдасым, ұлым, күйеубалам - бәріміз келдік. Кастинг жайлы достарымыздан естідік. Бәріміз драма театры және кино актеріміз. Мен Ресейде оқыдым. Қазақстанға 2 жыл бұрын келдім. Бірқатар отандық жобаларға қатысып үлгердім. Ж.Елебеков атындағы цирк колледжінде актерлік шеберлік пен сахна тілін оқытамын», - дейді Ярославль қаласы театр институтының түлегі Әсел Гүжманова.
Әсел Гүжманова Ресейде «Ника», «Черная река», «Машина любовь» сериалдарына түскен.
Естеріңізге сала кетсек, қазақтың ұлы хандарының бірі - Қасым ханның өмірі туралы баяндайтын киножобаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсіреді.
25 қаңтар күні Қазақстанның түкпір-түкпірінде кастинг басталды. Үміткерлерге қойылатын басты талап - қазақ тілін білуі.