Алматыда қатерлі ісік ауруларын алдын ала анықтау мақсатында өткізілген «Отан-Ана» жобасының қорытындысы жарияланды

АЛМАТЫ. Шілденің 16-сы. ҚазАқпарат /Жанна Шамова/ - Алматыда  «Қатерлі ісікке бірігіп қарсы тұрамыз» қоғамдық қорының, Алматы қаласының әкімдігі мен  Денсаулық департаментінің қолдауымен өткізілген  «Отан-Ана» әлеуметтік жобасының қорытындысы жарияланды.

  Жобаның мақсаты  - жатыр мойнының обыры, сүт безінің қатерлі ісігі ауруларын анықтаудың әдістері жөнінде жұртшылықты ақпараттандыру, азаматтардың өз денсаулықтарын жақсартуларын нығайту, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Үстіміздегі жылғы маусымның 30-ынан бастап қатерлі ісік ауруларын алдын ала анықтау мақсатында Алматыда әйелдер арасында тегін медициналық тексерулер өткізілді. Оған барлығы 534 әйел қатысты. Алматы қалалық онкодиспансердің бас дәрігері Диляра Қайдарованың айтуынша, акция нәтижесінде әйелдердің  арасында бірнеше адамның осындай аурулармен ауыратындығы анықталды, олардың арасында 5 жылдан астам  уақыттан бері  мүлдем тексеруден өтпегендері кездескен.   

         Бүкіләлемдік Денсаулық ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, алдағы уақытта 1 000 000 аса сүт безінің қатерлі ісігімен ауыратындар тіркелгелі тұр. 2050 жылы жер бетінде қатерлі ісік аурумен ауыратындар саны   1 316 000 адамға жетпек.  Қазақстан бойынша бір жыл ішінде 1000 әйел осы дертке  шалдығып, 650 әйел көз жұмады. Мамандардың айтуынша, аурудың алдын алу үшін дер кезінде гинеколог пен маммолог дәрігерлерінің тексеруінен өтіп тұру қажет.