Алматыда «Қауіпсіз қала» шарасы аясында түнгі ойын-сауық орталықтары тексерілуде

АЛМАТЫ. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыда «Қауіпсіз қала» атты кең көлемді шара аясында қалалық полицейлер түнгі ойын-сауық орталықтарына тексеріс жүргізуде,

деп хабарлайды Алматы қаласы ІІД-нің баспасөз қызметі.

Кеше түнде есепте тұрған қылмыскерлер мен қылмыстық іс белгілерін анықтау мақсатында 5 ірі мейрамхана мен бар тексерілген. Оның нәтижесінде 3 қашқын мен жедел із кесушілердің күдігін тудырған 25 азамат ұсталды. Олар қалалық ІІД-не жеткізіліп, барлық есептік тіркеулер бойынша тексерілді.

«Қауіпсіз қала» жедел-профилактикалық шарасы қаланың криминалдық жағдайының жақсаруына және қылмыстық оқиғаларды шектеуге бағытталған. Бұрын сотталғандар мен қылмысты болғандар әділ соттан қашып, көп жағдайда осындай жерлерде бой тасалайтындықтан біз қаланың барлық ойын-сауық ғимараттарын тексереміз. Бұндай жағдайды жақсарту әдісінің тиімділігі алдыңғы криминалды полиция және Есірткі бизнесімен күрес басқармасының полицейлерімен бірлесе жүргізген жұмыстар кезінде-ақ дәлелденген еді», деді Алматы қалалық ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы полковник Валерий Козлов.

Осы жылдың тамыз айында ойын-сауық орындарын тексеру кезінде әр түрлі қылмыстық топтардың мүшесі саналатын 12 қылмыскерге іздеу салынды. Онда полицейлер бір түнде 30 ғимаратты тексеріп шықты. Нәтижесінде полиция бөлімшесіне 300 адам жеткізіліп, оның 156-сы жеңіл жүрісті қыздар болып шыққан болатын.

«Тәжірибеден білетініміздей, түнгі уақыттардағы осындай ғимараттар аумағында «жеңгетайлық» пен қылмыстық істердің өршитіні мәлім. Құқық қорғаушылар бұндай оқиғалардың оншақтысын әшкереледі де. Ал ол орталықтың иесі болса, қонақүйлердің бірінде жалған атпен жасырынып жатқан жерінен ұсталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды», дейді полковник В. Козлов.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, бүгінде қаланың криминалдық жағдайы жақсарып, ұйымдасқан қылмыспен күрес әдіс-тәсілдерінің тиімділігі артып отыр.