Алматыда қайта қалпына келтірілген «Аққу» бұрқағына аққулар жіберілді (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Панфилов пен Бөгенбай батыр көшелері қиылысындағы «Аққу» субұрқағына екі аққу құсы жіберілді.

Қызықты шараға қоғамдық бірлестік мүшелері, қалалық мәслихаттың депутаттары, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері және қарапайым қала тұрғындары қатысты.  

«Бұл алматылықтар үшін ерекше орын. Біз бұл жерді бала кезімізден жақсы білетінбіз. Бұл бұрқақта кезінде шынында да ақққулар жүзген. Біздің мақсатымыз - сол бір көңілге қуаныш сыйлайтын жайма-шуақ көріністі қайта қалпына келтіру. Сол үшін құбырлар жүргізіліп, субұрқақ қалпына келтірілді», - деді Алматы қалалық мәслихатының депутаты Константин Авершин.

Зообақ қызметкерлерінің айтуынша, құстар лайықты дәрежеде бағып-күтілетін болады. Күніне бір рет дәнді жемдермен қоректендіріледі. Күзде фонтан өшірілген соң, аққулар қайтадан зообаққа алынады.

Айта кетелік, бұл маңда кезінде алматылықтардың сүйікті орындарының бірі - атақты «Аққу» дәмханасы болған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жер алдағы уақытта Алматының ең көрікті жерлерінің біріне айналмақ. 

Бүгінгі шара Алматы қаласы әкімдігі мен Алматы зообағының бастамасымен ұйымдастырылды.