Бұл шараны «Саламатты Азия» онкологиялық сырқаттарды қолдайтын қоғамдық қоры, ҚР Мемлекеттік орталық мұражайы және «Ассорти» мейрамханасы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Оның мақсаты - «Мен сенімен біргемін» балалар хосписінде тіркелген онкологиялық аурулармен ауыратын балаларды қаржылай қолдау. Онда суретшілер апалы-сіңіліГаБо, Шеге, Т.Волкова, Ж. Жұбанова, А. Ақылбекова, В.Григорьян, Е. Григорьян, Г. Макаровтың жетекшілігімен салынған балалардың картиналары қойылады.
Алматыдағы 2011 жылы ашылған «Мен сенімен біргемін» балалар хосписі - сырқат балалар өз өмірінің қиын кезеңдерін үрейсіз де, қамсыз өткізуін, әрі олардың ауруға төзімді болуын қамтамасыз етумен айналысатын Орталық Азиядағы бірден-бір мекеме. Орталықтардың пациенттері - жазылмайтын ауруға шалдыққан бүлдіршіндер. Мамандардың айтуынша, тек Алматы қаласында жыл сайын емделуі қиын 250-ден астам сырқат бала хоспис қызметіне зәру. Ал Қазақстан бойынша 7 мыңнан астам бала обырмен (рак) ауырады. Өкініштісі, бұл көрсеткіш жыл өткен сайын өсіп келеді. Сондықтан қайрымдылық шараларында: онкологиялық аурумен ауыратын көмекке зәру, науқас балалар мәселесін көтеру; оларға көп болып қол ұшын берудің жолдарын қарастыру; хоспис жұмысын және оның мүмкіндігін кеңейтуге байланысты қаражат мәселесін қарастыру көзделген. Бұл іс-шараға қатысу адамдарды адамгершілік пен парасаттылықтың негізгі қасиеттерінің бірі - қайырымдылық жасауға, мейірімді болуға жетелейді.