Алматыда қайырымдылық көрме-сатылымға мектеп оқушыларының 35 картинасы қойылды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Mega Alma-Ata-2» сауда ойын-сауық орталығында қайырымдылық көрме-сатылым ашылды. Оған «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры» Қоғамдық қорының филиалдары - «Мирас» бала бақшасы, Алматы халықаралық мектебі, «Мирас» халықаралық мектебі және «Арыстан» мамандандырылған лицейі оқушыларының еңбектері - барлығы 35 картина қойылды.

«Оқушылар біздің бастамамызға қызу қолдау көрсетіп, өз картиналарын тегін ұсынды. Оларды сатудан түскен ақша «Аяла» қорының «Арт-Терапия» жобасын жүзеге асыруға жұмсалады. Яғни, Қарағанды облысының Саран қаласында орналасқан, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №5-ші облыстық мектеп-интернаттың бейнелеу өнері студиясын жабдықтауға жұмсалады», - деді «Аяла» қайырымдылық қорының вице-президенті Жангелді Сәрсенов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, егер бүгінгі қойылған жұмыстар жақсы сатылатын болса, онда оқушылар басқа да картиналарын ұсынуға дайын.

Айта кетелік, көрмеге 2-ші сыныптан бастап, 11-ші сынып аралығындағы оқушылардың картиналары қойылған. Жыл сайын өткізіліп тұратын бұл көрменің жұмысы 15 мамырға дейін созылады.