Биыл «Қызыл алма - мықты және бақытты отбасының символы» атты қайырымдылық фестивалі онлайн форматта өтті. Оған Қазақстанның барлық аймағынан 43 бала қатысып, өз өнерлерін паш етті. Фестиваль осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр.
Іс-шараның басты идеялық ұйымдастырушысы Эльмира Алиеваның айтуынша, фестиваль бекерден-бекер «Қызыл алма» аталмаған.
«Алманың ерекше дәмі балаға өте жақсы таныс. Қызыл апорт Алматымен тығыз байланысты. Жергілікті тұрғындар сыйлық ретінде жемістің осы түрін сыйлайды. Біз Алматы алмасының дәмін, түсін және құнарлылығын – өмір мен дамудың басталуымен байланыстырдық. Осындай ерекше қасиеттер, дәстүрлер мен құндылықтар жиынтығын қайда ұсынуға болады? Әрине, сыйластық, сүйіспеншілік, қуаныш, қолдау мен қамқорлық билейтін отбасында. Кез келген отбасы хош иісті апорт алмасын жақсы көреді, олар үйдегі жайлылықты, отбасылық жылулық пен сүйіспеншілікті бейнелейді «, - деді ол.
Екі күнге созылған фестиваль ерекше балалар мен топтардың шығармашылығын біріктіріп, нағыз мерекеге айналды.
16 жастағы алматылық Әміре фестивальде «Құдай туралы» өлеңін оқыды. Әкесінің айтуынша, Әміре өте қабілетті бала. Ол шахмат, ментальды арифметика бойынша халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жеңімпаз атанған.
«Алла отбасына бала береді және олар әртүрлі болады. Дәрігерлер біздің Әмірдің диагнозын айтқанда қатты қорқып кеттік. Бұл сынақ. Сондықтан біз бар өмірімізді баламызға арнаймыз деп шештік. Ол 16 жаста. Ата-анасы ретінде оның жетістіктеріне қуанамыз. Әміре – толыққанды тұлға. Ол да еліне пайда әкелетін адам. Ата-аналар ешқашан үміт үзбейді, балаларына қамқор болады, ең бастысы жақсы көреді. Мұндай ерекше балалар махаббатты өте нәзік сезінеді. Кез келген адам мықты тұлға тәрбиелей алады, тек өз балаңа және махаббатыңа сену керек», - деп бөлісті Кенжебай Исаев.
Фестивальдің барлық қатысушылары Құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Әр қатысушыға фестивальдың символы - қызыл алма ұсынылды.
Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі адамдар COVID-19 жұқтыру қаупіне кіретін осал топ болғандықтан олар онлайн режимінде марапатталды.