Тұңғыш рет өткізілген шараға Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Германия, Франциядан 150-ден астам блогшы жиналды. Шараны «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин ашып, «Қазақстанда әлеуметтік желілер дамуының жалпы сипаттамасы» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бекболат Тілеухан, Мұрат Әбенов қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Құрылтай барысында «Интернеттегі авторлық құқық», «Блог арқылы табыс табу», «Сайттарды дамыту» тақырыптарында таныстырылымдар жасалып, белгілі мультимедиа маманы Дин Кокстың шеберлік сыныбы өткізілді. Құрылтай аясында тұңғыш рет блогшылар байқауы өткізіліп жеңімпаздар марапатталды. Сондай-ақ старт-ап жобасы аясында 3 жобаға 100 мың теңгеден жүлде берілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара келесі жылы да жалғасын табатын болады.
«Биылғы құрылтайдың басты мақсаты - блогшылардың бір-бірімен танысып, өз ойларын ортаға салып, жобаларын таныстыруы, сондай-ақ үздік блогшыларды анықтап, оларға дем беру болатын. Құрылтай өз мақсатына жетті. 150-ге жуық блогшы қатысып, өз жобаларын таныстырды, өзекті мәселелерді талқылады. Арнайы маманның шеберлік сабағын тыңдады. Сонымен қатар биылғы жылдың ең үздік блогтарын анықтап марапаттадық. 3 жобаға 100 мың теңгеден сыйақы берілді. Жалпы құрылтай тек қана жаңа медианы емес, сонымен қатар қазақ интернетін дамытуға аз да болса үлес қосты деп ойлаймын», - дейді құрылтайды ұйымдастырушылардың бірі «MediaLab» медиа-коммуникация орталығының атқарушы директоры Ербол Азанбек.
Естеріңізге сала кетейік, қазақ блогшыларының тұңғыш басқосуы наурыздың 19 күні Алматыда басталған болатын. Шараны ҚМЭБИ, Kcell, «Қазақтелеком», Nokia, HP, Mega Ice компанияларының қолдауымен «Мінбер», «MediaLab», «MediaNet», «Ас клуб» журналистік ұйымдары ұйымдастырған.