Алматыда «Қазақ» газетінің 1915 жылғы жинағы жарық көрді

Фото: None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматыда  Ғылым ордасы кітапханасында «Қазақ» газеті 1915 жыл» жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ» газетінің 105 жылдығына орай өткізілген дөңгелек үстел отырысына  тарихшы, филолог ғалымдар қатысты. Жиында Ахмет Байтұрсынов негізін қалаған басылым жинағының халық үшін өзектілігі айтылды. 

«Қазақ» газеті бүгін де өзекті. Қазақ  өлім аузында тұрғанда есін жиғызып, етек-жеңін жинауға , өзінің адами қасиетін түсінуге көмектескен басылым. Қазақ газеті ұлттық идеяның, сананың жетілуіне тікелей еңбек ететін басылым. Бұның орны ерекше. Қазақ газеті қазаққа болысудың , араша түсудің үлгісі. Ахаң салған газет»,-деді таныстырылым барысында тарих ғылымының докторы Мәмбет Қойгелді.

Ғылым ордасы  кітапханасы мамандары қолға алған еңбектің  жұмысы 2 жылға созылған.  Күндіз -түні көз майын тамызғандардың бірі, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлованың айтуынша , бұл газет -журналистиканың ең биік шоғыры іспетті.

«Түпнұсқаны сирек қордан алдық, онда жоғын Қазан қаласы, Санкт-Петербург, Орынбор мен Мәскеудің ғылыми кітапханаларына барып тауып алдық. 265 саны табылды. Ахмет Байтұрсыновтың еңбегінде жазылған жәдетше деп аталатын,  қазақ тіліндегі араб қарпімен жазылған газет. Кейбір сөздерін 2-3 күн оқыған кездеріміз болды. Бұл басылымды  журналистиканың ең биік шоғыры деп айтар едім. Мұнда гуманитарлық, жаратылыстану саласы қамтылған. Басылым өз кезеңінде Қытай, Түркия, Ресейге тарап отырған. Таралымы 3-мыңнан 8  мыңға дейін жеткен», - деді Светлана Смағулова.
 

«Қазақ» газетінің 1915 жылғы жинағы әзірге 60 данамен шығып отыр. Светлана Смағулованың айтуынша,  қолдағы барын кітапханаларға таратып, кейіннен тираж санын көбейтіп сатылымға қою жоспарда бар. Басылымның 1916-18 жылдар аралығындағы сандарын аудару жұмыстары басталып кетті.
  

Арайлым Жолдасбай