Алматыда «Қазақ кино панорамасы 2008-2010» атты шығармашылық конференция өз жұмысын бастады

АЛМАТЫ. Наурыздың 15-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Қазақ кино панорамасы 2008-2010» атты шығармашылық конференция өз жұмысын бастады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конференцияға 20-дай көркем және 10-нан аса деректі киноленталар ұсынылған. Оның ішінде танымал «Қош бол, Гүлсара!», «Сталинге сыйлық», «Адасқандар», «Бәйтерек», «Секер» және тағы да басқа кино туындылар бар. Бүгін режиссер Сәбит Құрманбековтың «Секер», Данияр Саламаттың «Бәйтерек» туындысы және Александр Головинскийдің «Чеховты ойнаймыз» атты деректі фильмінің көрсетілімі болып өтті.

«Соңғы 10 жылда мұндай форум өткен жоқ. Бұрындары әр екі жыл сайын өтіп тұратын. Сондықтан да, Қазақстан кинематографистер одағы бұрынғы дәстүрді қайта жаңғырту мақсатында бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып жатыр. Шығармашылық конференцияны дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз. Аталмыш шара, соңғы жылдары, мемлекеттік және жеке меншік киностудияларда түсірілген кинофильмдерді сараптап, саралауға, кино саласының бағыт-бағдарын айқындауға мүмкіндік береді», деді белгілі киносыншы, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі, өнертану ғылымының кандидаты Бауыржан Нөгербек. Оның айтуынша, мұндай конференцияны жылда өткізіп тұру керек.

Кино үйінің үлкен залында өтіп жатқан фильм көрсетілімдеріне кіру тегін. Фильмдер наурыз айының 25-іне дейін, сағат 10.00-ден - 14.00-ге дейін көрсетілетін болады.

Шара аясында Кино үйінде, наурыздың 19-ы күні, сағат 16.00-де Александр Головинскийдің «Триумфатордың трагедиясы» атты фильмінің премьерасы болады. Кинофильм Мұхтар Әуезовтың тағдыры туралы, жазушы Николай Анастасьевтің кітабы желісі бойынша түсірілген.

Іс-шара нәтижелік «дөңгелек үстел» отырысымен аяқталады.