Деректі фильмнің режиссері Болат Нүсіпбеков. Сценарий авторы - Нүргүл Түсіпбекова. Фильмнің кеңесшісі - Қасым Бегалин. Фильм - 52 минуттық.
Деректі фильмде қазақ киносының үш алыптарының бірі Мәжит Бегалиннің өмірі, кинодағы қызметі, дүниеге әкелген фильмдерінің тарихы баяндалады. Онда сонымен қатар, режиссердің кезінде шығаруға тыйым салған, ұзақ уақыт бойы сөреде жатып қалған "Отқа оранған Орал" фильмінің тағдыры жайында айтылады.
"Фильмді түсіруде қиындықтар болды, өйткені, ол кісіні білетін адамдар о дүниелік болып кетті, ал, деректі фильм тек нақты фактілерге сүйене отырып, оны білетін адамдар арқылы, шындықты көрсете отыра жасалуы қажет. Сондықтан бізге көбіне мұрағат құжаттарын пайдалануға тура келді. Фильмді жасау барысында Мәжит Бегалин кадрде сөйлеп тұрған бір-ақ лентаны Мәскеу мұрағатынан әрең таптық. "Өткенсіз болашақ жоқ" демекші, ондай тұлға жайында әр жиырма жыл сайын жаңа деректі фильм түсіріліп тұру керек"-деді фильмнің режиссері Б.Нүсіпбеков.
Оның айтуынша фильмді дайындау жылдың басында басталған.
Таныстырылым барысында бұл деректі фильм соңғы 10 жылда түсірілген ең үздік туынды деп атап өтілді.
Алғашқы көрермендер ретінде деректі фильмнің премьерасына қазақ кино ардагерлері мен қайраткерлері шақырылды.
Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының бас редакторы Дидар Амантайдың айтуынша, аталмыш фильмнің ресми түрдегі премьерасы 2012 жылы ақпан айында өтеді.