Бүгін Парламент Сенатының депутаты, ҰҒА-ның академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өткен «Қазақ ұлтынан - қазақ еліне» атты конференция барысында осындай пікір білдірді.
Ғ.Есім Кеңес үкіметі тұсында еліміз Қазақ КСРО-сы деп аталғандығын және оның бір жағымды, бір жағымсыз жағы бар екендігін айтады. «Біріншіден, КСРО деген алпауыт елдің құрамында екенімізді білдірсе, Қазақ деген атау «қазақ» ұлтының бар екендігін білдіретін. Біз тәуелсіздік алған тұста осы қазақ деген атауды сақтап қалып, «Қазақ елі» деп аталғанымыз жақсы болар еді», -дейді профессор.
Оның айтуынша, біз Кеңес үкіметі тұсында социалистік ұлт болып қалыптасып, өсіп, өркендеп, 1991 жылы өз тәуелсіздігімізді жариялай отырып, халықаралық субьектіге айналдық, одан елге айналдық. «Сөйтіп біз Қазақ елін құрып, жұмыс істеудеміз. Былтыр Президентіміз «Қазақ елі» деген монумент те орнатты. Қазір біз қазақ ұлтының емес, қазақ елінің Президенті деп атаймыз. Енді қазақ ұлтының мәселесінің бәрі қазақ елінің мәселесіне айналды. Бұрын қазақ тілі қазақ ұлтының тілі болып келсе, ендігі кезекте Қазақ елінің тіліне айналды. Сондықтан қазақ тілін білу еліміздегі барлық азаматтарға ортақ», - деп атап өтті өз сөзінде Ғарифолла Есім.
Сондай-ақ ол еліміздегі әр ұлттың мәдени ошақтарына байланысты сөз қозғағанда дұрыс сөйлеу керектігін айтып өтті. «Мемлекетімізде тұратын басқа ұлттарды этнос ретінде қараған жөн. Өйткені олар бұл елдің түпкілікті ұлты емес. Егер біз оларды ұлттық деп мойындасақ, олардың жері, мәдениеті болулары керек және тағы басқа параметрлерге жауап береді. Сондықтан олардың мәдени ошақтарын этномәдени орталығы деп атауды жөн көрдік», - дейді профессор.
Конференция барысында Ғарифолла Есім, Ақтолқын Құлсариева, Гүлмира Сұлтанбаева бірлесіп шығарған «Қазақ ұлтынан - қазақ еліне» кітабының таныстырылымы болды.
Аталған шара әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, философия және саясаттану факультетінің ұйымдастыруымен өтті.