Алматыда Қазақ журналистерінің І-ші халықаралық форумы өтеді

АЛМАТЫ. Сәуірдің 12-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда тұңғыш рет мамыр айының 17-сі мен 19-ы аралығында Қазақ журналистерінің І-ші халықаралық форумы өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғаш рет өткізілейін деп отырған форумның мақсаты - өткенді таразылау, болашақты бағдарлау, мақсаты мен мұраты бір қазақ журналистерінің арасында ой, көзқарас, мүдде бірлігін қалыптастыруға үлес қосу.

«Бұл шара тәуелсіздігімізді алғаннан бергі қазақ журналистерінің алғашқы бас қосуы болмақ. Форумға алыс-жақын шет елдердегі қазақ журналистері, барлық республикалық, облыстық, аудандық газеттің редакторлары, сондай-ақ еліміздің барлық аймақтық ақпарат құралдары, радио мен телеарналардың басшылары, қазақ баспасөз өкілдері қатысады. Жиында қазақ журналистикасының мәселелері талқыланатын болады», деді ұйымдастыру комитетінің төрағасы Талғат Ешенұлы. Оның айтуынша, Қазақ журналистерінің І-ші халықаралық форумы - бұл қордаланған сан сауалдың жауабын іздестіретін алаң ғана емес, алынған асулар мен шықпаған биіктерді салиқалы ой сүзгісінен өткізетін, ұлт келешегіне темірқазық болар бір ұстанымға келетін мүмкіндік.