Алматыда «Қазақ журналистикасының клубы» құрылды

АЛМАТЫ. 2 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыда «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы жанынан «Қазақ журналистикасының клубы» құрылды.

Клуб мүшелерін БАҚ-тың жас толқын журналистері құрайды. Бүгінгі таңда республикалық, облыстық, аудандық БАҚ-да қызмет етіп жүрген журналистердің басым көпшілігі - жастар. «Талантты жас журналистердің көбеюі, әрине, қуантарлық жәйт. Сондықтан, еліміздің жас тілшілерінің басын қосып, олармен ұлттық мұдде, ұлттық мұрат, мемлекетшілдік, отансүйгіштік пен азаматшылдық ар-намыс тәрізді күрделі әрі ауқымды мәселелер жөнінде ой бөлісу, әңгімелесу клубтың негізгі мақсаты», дейді клуб мүшелері.

Қоғамдағы әр түрлі келелі мәселелерді талқылап, баға беру, оның шешілу жолына тек сөзбен ғана емес, іспен де әрекет ету клубтың негізгі көтерер жүгі болып табылады.

«Журналистер қандай ұстанымда жұмыс істесе де қазақ журналистикасындағы кемшін тұстар мен озық идеяларды бірлесе шешуі керек. Сондықтан, біз осы клубты құруда тек қана ұтамыз», деді «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Ермұхамед Мәулен.