Алматыда «Қазақстан аруы - 2010» байқауы өтеді
Ұйымдастырушылар аталмыш шара жайлы бүгін «Intercontinental» қонақүйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Байқауды Алматы қаласы әкімдігі мен San Bell агенттігі қала күніне орай бірлесе ұйымдастыруда. Бас демеуші - LG Elektronics компаниясы. Ақтық сайысқа республиканың әр аймағынан барлығы 33 үміткер қатысқалы отыр.
Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Александр Гришкеевтің айтуынша, жыл сайын еліміз бойынша 5 мыңдай үміткер осы сайысқа қатысуға тілек білдіреді екен. Ал 2005 жылғы жеңімпаз Дина Нұралиева былтыр «Әлем аруы» байқауынан 7-ші орын алған. Сонымен қатар, Гришкеев Динаның сол байқауда киген қазақ қызының ұлттық киімін де таныстырды.
Байқаудың өту барысынан «НТК» телеарнасы тікелей көрсетілім жасайды деп күтілуде.
«Қазақстан аруы» ұлттық байқауын 1997 жылы San Bell агенттігі ұйымдастырған болатын. Бұл бәсеке «Әлем аруы» (Ұлыбритания) мен «Дүниежүзі аруы» (АҚШ) байқауларына қатысуға мүмкіндік беретін лицензияларға ие Қазақстандағы жалғыз байқау болып табылады.