Алматыда «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясы мен «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығы» жұмыс тобының отырысы өтті

АЛМАТЫ. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Кеше Алматыда Қазғарыштың екі ірі кәсіпорны «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ Ұлттық компаниясы мен «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығы» АҚ-ның бірлескен жобаларын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Биылғы жылдың ақпан айында ҚР Ұлттық ғарыш агентігінің төрағасы Талғат Мұсабаев екі компанияға бірлесіп жүзеге асыруы тиіс бірқатар тапсырмалар берген болатын. Бұл жұмысты жүзеге асыру бағытында екі компания басшылары Жұмабек Жантаев пен Ғабдыллатып Мырзақұловтың тең төрағалығымен жұмыс тобы құрылған еді.

Өткен отырыс барысында Астанада құрылатын Ұлттық ғарыш орталығы мен ғарышты зерттеу бағытындағы жұмыстар талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстан аумағын қашықтықтан бақылау, геодинамикалық және геофизикалық мониторинг, ғарыш аппараттарын басқаруды математикалық бағдарламалық шешімдермен қамтамасыз ету, қазақстандық шикізаттардан ғарыш жабдықтарын жасау мәселесі сөз болды.

Кеңес барысында қордаланған мәселелерді шешудің нақты жолдары талқыланып, Ғарыш жөніндегі кеңестің назарына тарту үшін бірқатар мәселелер анықталды. Басқосу соңында қатысушылар Тянь-Шань обсерваториясы мен «Орбита» радио полигонының жұмысымен танысты.

Кеңестің келесі отырысы қыркүйек айында өтетін болды.