Алматыда Қазақстан гимнін тұңғыш орындаған - Жамал Омарованы еске алу кеші өтті
«Жамал Омарова жастайынан көркемөнерпаздар қатарында өнер көрсетіп, 16 жасында республикалық радионың солисі, одан кейін филармония әншісі болды. Ол бүгінгі таңда Қазақстан гимніне айналған «Менің Қазақстаным» әнінің тұңғыш орындаушысы болды», - деді іс-шараға қатысқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов.
Ж. Омароваға ерен еңбегі үшін Қазақстанның халық артисі құрметті атағы берілді, сондай-ақ «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бірнеше медальдармен және «Мәдениеттің үздік қызметкері» белгісімен марапатталды.
С.Сейдумановтың айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде қазақ халқының сүйікті әншісінің шығармашылығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Олардың басым бөлігі Алматыда өтті. Бұл кешті Ж.Омарованың 100 жылдығына арналған шаралардың қорытындысы деп атауға болады.