Алматыда Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған көрме өтіп жатыр
18:09, 26 Сәуір 2021
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №14 бөлімшесінде «1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне» орай «Халықтар достығы-біздің мақтанышымыз» тақырыбымен фотокөрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кітапханашы Ғайша Сахиеваның айтуынша, аталған кітапханада жыл сайын 1 мамырда фотокөрме ұйымдастыру дәстүрге айналған.
«1995 жылы қабылданған, осы атаулы мерекенің Қазақстан халқы үшін маңызы зор. Себебі, ұлттар арасындағы ынтымақтастық, татулық, ауызбіршілік, бейбітшілік кепілі бола алады. Бұрын бүкіл әлемдік «Еңбекшілер күні» болып тойланатын мереке, қазір «Қазақстан халқының бірлігі» күні болып аталып өтеді. Өйткені, халқымыз ынтымақтастыққа, достыққа ерекше мән берген»,- дейді ол.
Көрме, Қазақстанда тұратын әр ұлттың татулығын, бірлігін бейнелейтін, түрлі-түсті суреттермен безендірілген.
« Біздің мақсат- еліміздегі түрлі ұлт өкілдері арасындағы татулық пен бірлікті нығайтуға атсалысу»,- дейді Ғайша Сахиева.