Алматыда Қазақстан мен Түркия Елшілерінің түрік іскер адамдарымен кездесуі өтті
09:57, 18 Қаңтар 2011
АЛМАТЫ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыда Қазақ-түрік іскер адамдар қоғамының ұйымдастырумен Түркиядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаев пен Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Лале Улкер түрік іскер адамдарымен кездесті.
"Мұндай шара екі мемлекеттің Елшілерінің қатысумен тұңғыш рет өтіп отыр. Мұндай алқалы жиынның біз үшін маңызы өте зор. Екіжақты қарым-қатынастар мен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуда Қазақ-түрік іскер адамдар қоғамының рөлі өте жоғары", - дейді Жансейіт Түймебаев.
Түркиядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісінің айтуынша, соңғы жылдары екі мемлекеттің басшылары 6 рет, ал сыртқы істер министрлері 12 рет кездескен. Мемлекет басшыларының бұл басқосулары кезінде бауырлас екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру керектігі ерекше атап өтілді. Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан Түркия қазір экономикалық дамуы жағынан Еуропада - 6 , ал әлемде - 15 орында келе жатыр.