Алматыда Қазақстандағы PR білімінің мәселелері талқыланды

АЛМАТЫ. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Биылғы жылдан бастап елімізде қоғаммен байланыс мамандығы бойынша бакалавр, магистр, PhD мамандары дайындала бастайды.

Бұл туралы бүгін ҚазМУ-де өткен «Қазақстандағы PR-білімі. 2010 жыл: мамандық жанданды. Болашағы қандай?» атты дөңгелек үстел барысында журналистика факультетінің деканы Ғалия Ибраева айтты.

Естеріңізге сала кетейік қоғаммен байланыс мамандығы бойынша елімізде 5 жыл қатарынан мамандар дайындалып, ал 2007 жылы ол жабылған болатын.

«PR мамандарының, қауымдастығы өкілдерінің, журналистика факультеті БАҚ менеджменті жарнамасы кафедрасы ұстаздарының күшімен былтырғы жылы қоғаммен байланыс мамандығы қайта қалпына келтірілді. Осыған байланысты осы жазда талапкерлерді «қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша Қазақстандағы жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау басталады», дейді журналистика факультетінің деканы. Оның айтуынша, осы өзгеріске сай ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде жұмыс істеп келген БАҚ менеджменті мен жарнамасы кафедрасы енді «Қоғаммен байланыс және жарнама» кафедрасы деп аталатын болады.

Ресейдің «Советник» журналы мен ҚазҰУ-дың журналистика факультеті ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында «Қазақстандағы заманауи PR-дың дамуы», «Қазақстандағы PR-білімі», «Ә-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы PR-білімі», «Қазақстандағы комуникацияның дамуы» тақырыптары сөз болды. Сонымен қатар қатысушылар қараша айында АҚШ-та өтетін «Көпірлер орнату» конвенциясына бейнеүндеу арнады.

«Қоғаммен байланыс мамандығының қалпына келтірілуі оң шешім болды. Өйткені экономика мен бизнес, саясаттағы оң бағыттағы шешімдердің қабылдануы қоғаммен байланысқа тікелей байланысты», дейді Ресейдің «Советник» журналының Қазақстандағы өкілі Владимир Павленко.