Алматыда қазақстандық эмитенттер туралы конференция болады

АЛМАТЫ. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда қазанның 28-29-ы күндері "Қазақстандық эмитенттер форумы. Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі бизнестің өсу нүктесі" деп аталатын конференция өтеді.

Ол ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің жанындағы Эмитенттер кеңесі мен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Бұл шараға экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындардың қожайындары, топ-менеджерлері, қаржылық директорлары, мемлекеттік уәкілетті орындардың өкілдері, институционалдық және жекелеген инвесторлар, құқықтық және консалтингтік компаниялардың кеңесшілері мен қаржы нарығының кәсіби қатысушылары қатыспақ. Конференция жұмысы пленарлық сессиялар, таныстырлымдар, тәжірибелік бизнес-кейстер мен шеберлік дәрістері арқылы өтеді деп жоспарланып отыр.