Алматыда қазақстандық гематолог- мамандарға арналған шеберлік сыныптар өтуде

АЛМАТЫ. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Алматыда Ғылыми педиатрия және балалар хирургиясы орталығында Майндағы Франкфурт (Германия) қаласының Университеттік клиника профессоры Валентин Герайнның қатысуымен гематолог-мамандарға арналған шеберлік сыныптар өтуде.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында хабарланды.

Шеберлік сыныптар 29 қарашада басталған. Желтоқсан айының 3-не дейін жалғасатын шеберлік сыныптың тақырыбы - «Өткір ақ қан ауруына шалдыққан балалардағы BFM хаттамасы бойынша химиялық терапияның асқынуы» деп аталады. Дәріс барысында ақ қан ауруын емдеу барысында пайда болуы мүмкін барлық асқынулардың түрлері, сонымен қатар, ақ қан ауруына шалдыққан балалардың вирустық гепатитпен ауыру мәселесі талқыланатын болады. Профессор Герайн дәріс оқумен қатар Ғылыми педиатрия және балалар хирургиясында емделіп жатқан барлық онкогематологиялық науқастарды қарап, олардың ата-аналарымен әңгімелесу және қарқынды емдеуден қолдаушы емдеуге ауысқан балаларға кеңес беру іс-шараларын өткізуді жоспарлап отыр.

Мәслихат барысында Ғылыми педиатрия және балалар хирургиясы орталығының директоры Ермек Аязбеков: «Еңбек етудің аса қиын жағдайлары- улы химиялық препараттармен, қан препараттарымен жұмыс жасау, медициналық қызметкерлерге жоғарғы физикалық және психоэмоционалды салмақ түсіреді. Сол себепті кадрлардың жиі ауысуы байқалып отыр, сондай-ақ, дәрігерлердің заманауи шетелдік емханаларда өз біліктілігін арттыруға әрқашан мүмкіндігі бола бермейді», деп атап өтті. «Сондықтан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің немістің белгілі маманы Валентин Герайннің қатысуымен шеберлік сыныптарын ұйымдастыруы дәрігерлер үшін де, балалар үшін де аса өзекті әрі қажетті іс-шара болып табылады», деді ол.

Бүгінде Ғылыми педиатрия және балалар хирургиясы орталығындағы 60 орынға шақталған екі онкогематологилық бөлімшесінде қан ауруының ауыр түрімен ауыратын 90 науқас ем қабылдауда.