Алматыда Қазақстандық медиа менеджерлердің дағдарысқа қарсы кеңесі құрылды

АЛМАТЫ. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда Қазақстандық медиа менеджерлердің дағдарысқа қарсы кеңесі құрылып, оның алғашқы отырысы өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Құрамына 40-қа жуық мемлекеттік және жекеменшік БАҚ-тар пен қоғамдық ұйымдардың топ менеджерлері  кірген кеңес отандық БАҚ-да қалыптасқан экономикалық, құқықтық мәселелерге жедел үн қату, шешілуіне ықпал жасау, құқықтарын қорғау мақсатында құрылған.

  Отырыс барысында «Нұр медиа» холдингінің бас директоры Арманжан Байтасов кеңес төрағалығына, Сейітқазы Матаев, Шолпан Жақсыбаева, Әсел Қарауылова, Александр Краснер, Михаил Дорофеев, Бигелді Ғабдуллин басқарма  мүшелігіне сайланды. Бұнымен қатар отырыста кеңестің алдағы уақытта шешетін мәселелері талқыланды. Арманжан Байтасовтың айтуынша, БАҚ-да дағдарысқа байланысты жарнама 50 пайызға дейін азайған. Бұл өз кезегінде БАҚ-дың жұмысына бірқатар кедергілер келтіріп отыр.

   Осыған байланысты БАҚ-ды қосымша құн салығына босату, корпоративтік табыс салығын азайту, авторлық және аралас құқықтар туралы заңды қатаңдату, мерзімді баспасөзді тарату жүйесін кеңейту, БАҚ-дағы мемлекеттік сатып алу бағасын ұлғайту кеңестің алдағы уақытта шешетін мәселесі ретінде белгіленді. Бұл ретте кеңес мүшелері ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке ашық хат жолдады. Онда жоғарыда айтылған жайттардың шешімін табуына көмек көрсетуін сұраған.

         ҚР Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаевтың айтуынша, жаңа жылдан бастап үкімет тарапынан қосымша құн салығын алып тастау мақұлданса, БАҚ-тар 100-120 миллион долларға дейін үнемдей алады. Бұл БАҚ-дың дамуына қосымша мүмкіндік береді.

         Отырыс барысында  Қазақстанда қағаз өңдеу зауытын салу мәселесі де көтерілді. Өйткені 1 тонна газет қағазының  құны 800-1200 доллар аралығында болуына байланысты, мерізімді баспасөз қымбатқа сатылады. Ал қазір 1 тонна газет қағазының құны Америкада - 250, Европада 300 доллар көлемінде. Отырыс барысында кеңес жұмысының тұрақты өткізіліп тұруы, ауқымының кеңеюі үшін  қауымдастық құру мәселесі де сөз болды. Сейітқазы Матаевтың сөзіне қарағанда, бұндай қауымдастық керек және оған ҚР Журналистер одағы қаржылай көмек көрсетуге дайын. Кеңес мүшелері бұл мәселеге қолдау білдіріп, алдағы уақытта жүзеге асыруға келісті.