Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында аталмыш шараның ұйымдастырушысы, Қазақстанның тамақ және өңдеу өнеркәсібі тауар өндірушілер одағының президенті Анатолий Попелюшко мәлім етті.
«Биыл шара осымен 13-ші рет өтеді. Көрмеге қатысуға 60-тан аса өтініш келіп түсті. Дәстүрге айналған шараның мақсаты - отандық тауар өндірушілердің жетістігін көрсету, олардың шынымен де, сапалы, қауіпсіз тағам өнімдерін алға жылжытуына ықпал ету, таныстырылымдарын жасай отыра жаңа өнімдерімізді тұтынушыларға ұсыну, бұл саладағы жаңа технологияларымызды, қызмет түрлерімен таныстыру, көрмеден көрмеге дейін жеткен жетістіктерімізді көрсету болып табылады. Сонымен қатар, нарыққа жаңадан шыққан компаниялармен және олардың өнімдерімен таныстыру болып табылады. Біз сонымен қатар, бұл салаға жас кадрларды дайындауға аса көңіл бөлеміз. Сондықтан, осы жылы да оларға арналып шеберлік сыныптар өтеді. Оған қаламыздағы колледж, лицей студенттері қатысады»,-деді Қазақстанның Тамақ және өңдеу өнеркәсібі тауар өндірушілер одағының вице-президенті Нина Безрукова.
Оның айтуынша, көрме аясында сонымен қатар, семинарлар, таныстырылымдар, байқаулар, тұтынушылық дегустациялар, сонымен қатар итальяндық өнеркәсіп иелерінің қатысуымен «Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі, бұл - денсаулық, халық өмірінің жоғары сапасы» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтеді. «Отырыста қазақстандық өнімдердің Италия еліне, итальяндық тауарлардың Қазақстанға енгізу жолдары талқыланатын болады»,-деді Н. Безрукова.
Оның пікірінше, отандық тауар өндірушілердің өнім сапасы жылдан жылға артып келеді. «Елбасы өнеркәсіп алдына «50 дамыған ел қатарына қосылуымыз керек» деген үлкен міндет қойды. Бұл орайда біздің одақ осы істерді жасауда, көрме арқылы қоғамға отандық азық-түлік нарығының дамуын көрсетуде»,-деді ол.
«Бижан» ЖШС-тің басшысы Хадиша Бижанның айтуынша, көрме қатысушы компаниялардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына және өзара байланыс орнатуларына мүмкіндік береді. «Көрме сонымен қатар, отандық тауар өндірушілердің беделін көтеруге ықпал етіп қана қоймай, азық-түлік нарығындағы сауда ұйымдарымен қатар, жаңадан құрылған өндіріс орындарын қолдауға, жаңа өнім түрлерімен таныстыруға ықпал етеді»,-деді ол.
Қазақстанның тамақ және өңдеу өнеркәсібі тауар өндірушілер одағының президенті Анатолий Попелюшконың айтуынша, үш ел арасында енгізілген Кедендік Одақ қазақстандық тауар өндірушілер үшін Ресей мен Беларустың нарығын игеруге, еркін сауда жасауға, нарығын кеңейтуге мүмкіндік беруде.