Алматыда «Қазақстанның білім беру және ақпарат кеңістігіндегі PR орыны» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді

АЛМАТЫ. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ертең Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде «Қазақстанның білім беру және ақпарат кеңістігіндегі PR орыны» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Оны қоғаммен байланыс және жарнама кафедрасы ұйымдастырып отыр.

2010 жылы Қазақстан Республикасында «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша бакалавриатта, магистратурада, докторантурада маман даярлау қайтадан қолға алынған. Бұл отандық PR-индустрия үшін бірегей оқиға болып табылады. «Қоғаммен байланыс» сұранысы мол, келешегі зор кәсіп болып табылады. Бұрыннан бар тәжірибені және қазіргі заманғы ерекшеліктерді ескере келіп, студенттерді PR-қауымдастықтың жетекші практиктерімен бірлесе отырып, жасаған жаңа үрдістер бойынша оқытуды бірінші болып қолға алды.

Шараны ұйымдастырушылар бәсекеге қабілетті маман даярлап шығаруда осындай конференциялар зор рөл атқаратындығын айтады. Ол, біріншіден, қазақстандық PR-қауымдастықтың «теоретиктері» мен «практиктерін» біріктіруге себепкер болып, Қазақстан пиаршылары мен түрлі елдер мамандары арасындағы көпір орнатуға көмектеседі. Мұның өзі саланың тиімді дамуы үшін өте қажет екен. Екіншіден, жұмыс берушілердің түлектерге деген талабын айқындауға, сондай-ақ PR-практиктердің PR білімін беру сапасы жөніндегі пікірлерін тыңдауға, ортақ ой өрбітуге жәрдемдеседі. Үстіміздегі жыл ішінде журналистика факультетінде 20 шақты шеберлік сыныптары өтіп, оларға жұртшылықпен байланыс саласының жетекші мамандары қатысқан. Отандық PR әлеуетін дамытып, нығайту үшін корпоративтік мәдениет бойынша ғылыми зерттеулерді тереңдету, Қазақстандағы имиджі мен брендинг бойынша зерттеулерге кешенді баға беру, мамандықтағы үрдістердің әлемдік тенденцияларын бағамдап отыру, баспасөз қызметтерінің мемлекеттік және коммерциялық құрылымдарымен арадағы жұмысын жүйелендіру қажет, міне осылардың барлығы конференция мәжілістерінде талқыланбақ.