Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза Бердіғалиеваға арналған естелік кітаптың тұсауы кесілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 40 жылдан астам өмірін кітапхана ісін дамытуға жұмсаған маман Роза Бердіғалиеваны еске алу кеші мен «Мен артымда із қалдырғым келеді» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізілді.

Кешке Роза Аманғалиқызының әріптестері, құрбы-құрдастары және туған-туыстары жиналды.

«Кітапхана саласының майталман маманы Роза Аманғалиқызы Бердіғалиеваның өмірден өткеніне бір жыл толды. Ол кісі өз ісінің асқан маманы еді. 40 жылдан астам ғұмырын кітапхана ісін дамытуға арнады. Республика кітапханаларының әлемдік кітапханалық кеңістікте танылуына жол ашты. ҚР Ұлттық кітапханасын 16 жыл басқарды. Оның «ұлттық» мәртебе алуына, халықаралық кітапханалық ұйымдарға мүше болуына атсалысты. Бізге қалай еңбек етуді, адамдармен қалай сөйелесе білуді үйретті. Роза Аманғалиқызының жоғары адамгершілік және кәсіби қасиеттері, өнегелі өмірі бүгінгі және болашақ кітапханашылар үшін үлгі болып қала береді», - деді кеш барысында ҚР Ұлттық кітапханасы бас директорының міндетін атқарушы Бақытжамал Оспанова.

Сонымен қатар, кеш барысында Роза Аманғалиқызына арналған «Мен артымда із қалдырғым келеді» атты кітаптың тұсауы кесілді.

«Біз бұл кітапты Роза Аманғалиқызының 70 жылдық мерейтойына дайындауды жоспарлап жүр едік. Бірақ, амал қанша, ол кісі бұл кітапты көре алмай кетті. Кітапқа достарының, құрбыларының, әріптестерінің, туыстарының естеліктері енді. Бұл кітаптың шығуына Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірова үлкен қолдау көрсетті», - деді Б. Оспанова.

Еңбек жолын 1967 жылы бастаған Роза Бердіғалиева 1976-1984 жылдары Мемлекеттік Жасөспірімдер кітапханасының негізін қалаушы және бірінші директоры, 1987-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының бас директоры, 2003-2009 ж. Астана қаласындағы Ұлттық Академиялық кітапханасының бас директоры және тағы басқа басшылық қызметтерді атқарды. Сондай-ақ, 1989 жылы елімізде алғашқы автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйе құрылуының бастауында тұрды.

Роза Бердіғалиева Еуразия Кітапханалық қауымдастығының (ТМД) алғашқы сайланған президенті, Қазақстан Республикасының Кітапханалар қауымдастығының президенті. «Құрмет» орденінің иегері.

Бүгінгі іс-шара аясында Ұлттық кітапхана қорынан Роза Бердіғалиеваның өмірі мен қызметіне арналған «Әлем таныған кітапханашы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.