Алматыда Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев туралы түсірілген деректі фильмнің премьерасы болды

АЛМАТЫ. 22 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда "Cinema towers" кинотеатрында Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның халық әртісі,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі және директоры Есмұхан Обаевтың шығармашылық өмірі жайында түсірілген "Источник Обая" атты деректі фильмінің премьерасы болып өтті.

Тұсаукесер рәсіміне фильмнің басты кейіпкерлері, фильмнің шығармашылық тобы, мәдениет саласының көрнекті қайраткерлері қатысты. Шара Есмұхан Обаевтың 70 жасқа толу мерейтойы аясында өткізілді.

Деректі фильмде Есмұхан Обаевтың режиссер және қайраткер ретіндегі қалыптасу жолына кеңінен талдау жасалған. Фильм сценарийінің авторы - Әлия Бөпежанованың айтуынша, туындының ерекшелігі - бұл өмірбаяндық деректі фильм емес, публицистикалық сарында жазылған туынды.

Фильмнің режиссері - Жәнібек Жетіруов. Туындыны Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен «Жаңа ғасыр» студиясы бірлесіп түсірген.