17:32, 09 Маусым 2009
Алматыда Қазақстанның мәдени өміріндегі айтулы оқиға болып жатыр ? Мәдениет комитетінің төрағасы
АЛМАТЫ. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның мәдени өмірінде айтулы оқиға болып жатыр. Бүгін Алматыда өз жұмысын бастаған «Тарихи-мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы рөлі» деп аталатын халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда осылай айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Елдің көкейінен шығып жүрген үлкен жобаның бірі - «Мәдени мұра» бағдарламасы. Оны насихаттаудың бір жолы осындай алқалы жиындар. Бұл шара еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға. Біз «Өркениеттер диалогы» әлемдік қоғамдық форумының өкілдеріне ынтымақтастық қарым-қатынасы үшін өз ризашылығымызды білдіреміз», - дейді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Қырықбаев. Оның айтуынша, бұл конференцияның басты мақсаты - мәдениет пен өркениет өкілдері арасындағы қарым-қатынастың жаңа көкжиектерін іздестіру. «Қазақстан барлық кезеңде де өркениеттер арасындағы сұхбаттастық алаңы болды. Өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін жас мемлекет бабалар дәстүріне адалдық танытып, оны одан ары жалғастырды. Ішкі-сыртқы саясатта Елбасының ұстанып отырған тату көршілік және халықтар мен мәдениеттер арасындағы ықпалдастық қатынастары соның көрінісі. Бұған Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Әлемдік және дәстүрлі діни конфессиялардың сьезін мысалға келтіруге болады», - дейді комитет төрағасы.