Алматыда «Қазақстанның сирек кездесетін жануарлары» деген тақырыпта сурет байқауы өтуде

АЛМАТЫ. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы биыл қазан айының 1-інен «Қазақстанның сирек кездесетін жануарлары» деген тақырыпта байқау өткізіп жатыр. Бұл туралы шараны ұйымдастырушы «Қазақфильм» киностудиясының өкілдері айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«15 күн ішінде байқауға 7-16 жас аралығындағы қаламыздың мектеп оқушылары мен балалар үйінің жеткіншектерінен  200-ден аса суреттер келіп түсті. Соның ішінен жақсы деген 100 суретті 8 адамнан тұратын эксперттік кеңес іріктеп алды. Байқаудың жеңімпаздары қазан айының 22-сі күні  «Star Cinema Mega Center Almaty» кинотеатрында өтетін  «Секер» фильмінің тұсау кесерінде естелік грамоталар мен арнайы сыйлықтармен  марапатталатын болады. Оларға «Сага о сайге», «По следам вечных кочевников», «Исчезающая красота» атты деректі фильмдер жинақтары мен мультфильмдер DVD-жинақтары сыйға берілетін болады», деді «Қазақфильм» киностудиясының маркетинг жөнінде  басқарушы директоры Ирен Ванидовская.

Байқаудың ең үздік суреттері «Спутник» ойын-сауық сауда орталығындағы көрмеге қойылатын болады.