Бұл шараны ҚР Білім және ғылым министрлігінің Философия, саясаттану және дінтану институты ұйымдастырды. Ұлтаралық қатынастар саласындағы жетекші мамандар қатысқан бұл жиында ұлттық және мемлекеттік құрылыс, жаңа қазақстандық патриотизм - 2050 жылға дейінгі ұлттың даму идеологиясы, Қазақстандағы ұлттық бірегейліктің қалыптасуы мен құрылуы, мультимәдени, мультиэтникалық қоғамның ұлттық интеграция мәселелері, ұлттың төл мәдениеті мен генетикалық кодының сақталуы (тіл, салт-дәстүр, тарих, рәміздер) және басқа да өзекті тақырыптар қаралды.
Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, философия ғылымдарының докторы Мұхтарбек Шайкемелевтің айтуынша, қазіргі қазақстандық қоғамның әлеуметтік-саяси өмірінде және көпшілік санасында ұлт мәселесі маңызды тақырыптардың қатарына енеді. Осыған жоғарыдағы мәселелер бойынша шығып жатқан көптеген кітаптар, газет және журнал мақалалары, радио және теледидар хабарлары мен бағдарламалары, интернет жарияланымдары дәлел бола алады. Қазақстан қоғамы өмірінде 1980 жылдардың екінші жартысынан бері қарай әртүрлі пікірталастар тудырған жалпы ұлттық идея, ұлттық бірегейлік, ұлтаралық қарым-қатынас, қазақ және орыс тілдерінің мәртебесі және олардың өзара байланысы, этнос және ұлт, ұлтшылдық, мемлекеттік ұлттық саясат, патриотизм мәселелері мамандардың қызығушылығын тудырып отыр.