Алматыда «Қазақстанның үздік тауарлары» атты аймақтық көрме-байқау ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараның негізгі мақсаттары мен міндеттері - кәсіпорындар мен ұйымдардың қызмет белсенділігін арттыру, отандық тауарлардың сапасын арттыру, Қазақстан рыногын жоғары сапалы әрі бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету.
Көрмеге халық тұтынатын тауарлар мен азықтық шикізаттарды шығаратын қаланың 85-тен аса өндірістік кәсіпорындары қатысуда. Байқауға Алматы қаласында өндірілетін үздік тауарлар қойылды.
Қала әкімі көрмеге қойылған тауарлармен танысып шығып, "Біз халықтың қажеттілігін қанағаттандырып отырған барлық өнеркәсіптің жұмыстарын қолдап, дамытуымыз керек. Сіздердің міндеттеріңіз әрдайым тауардың сапасын жоғары деңгейде ұстап, экспортқа бағытталған өнімдерді көптеп шығаруларыңыз қажет. Алматы еңбекқор қала болып табылады және біздің қала бүгінде республикалық бюджеттің 27 пайызын беріп отыр, ол кірісті сіздердің өндіріс орындарыңыз беруде", деп атап өтті.
"Қазақстанның үздік тауары" аймақтық байқаудың үш аталымы жеңімпаздарына қала әкімі арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтарды табыс етті.
«Өндірістік маңызы бар үздік тауарлар» аталымын «Казстройстекло» ЖШС-і жеңіп алса, "Тұрғындарға арналған үздік тауарлар" аталымының жеңімпазы «Семирамида» атты тігін фабрикасы атанды. Ал, «Үздік азық-түлік өнімдері» аталымында "Бижан" ЖК үздік деп танылып, жеңімпаз болды.