Алматыда «KAZENERGY» қауымдастығы кеңесінің 11 отырысы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда «KAZENERGY» қауымдастығы кеңесінің 11 отырысы өтіп жатыр.

Мәжіліске қатысушалар Қауымдастықтың 2010 жылғы жұмысы туралы есебін тыңдап, биылғы жылғы жоспарларымен танысады.

Күн тәртібінің басты тақырыптарының бірі Қауымдастықтың мұнайгаз саласындағы сервистік қызметті дамыту барысында атқарған жұмысы туралы болмақ. Қауымдастық Кеңесінің мүшелері KAZENERGY-дің Кәсіпкерлікті қолдау және инвестициялық жобалардағы қазақстандық үлесті дамыту жөніндегі Үйлестіру кеңесін қайта құру туралы мәселені қарастырады. Осы Үйлестіру кеңесінің құзырына сервистік жобаларды дамыту мәселелерін қосып беру жоспарланып отыр. Ірі мұнайгаз жобаларындағы тауарлар мен қызмет көрсетудің қазақстандық үлесін арттыру туралы «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰҚ сервистік жобалар жөніндегі Басқарушы директоры Мағзұм Мырзағалиев баяндайды.

Қауымдастық Кеңесінің мүшелері «қазақстандық тауармен жабдықтауды, жұмыс және қызмет көрсетуді алдынала біліктілік бағалаудың бірыңғай механизмін қалыптастыру және енгізу» және «Теңіздегі мұнайгаз операциялары кезіндегі 2 дәрежелі мұнай төгілуі кезінде әрекет ету жөніндегі салалық ұйым құру» туралы ұсынысты талқыға салады.

Кеңес сонымен қатар, «Жабдықтаушылар форумын» өткізу жөніндегі мәселені қарайды. Биыл Форум кешенді құрылғылар мен қосалқы бөлшектер шығару мәселелеріне арналмақшы. Қазақстандағы мұнайгаз кеніштерінің ірі үш операторы (Теңізшевройл, Қарашағанақ Петролеум Оперейтинг, Норт Каспиан Оперейтинг Компани) 2008 жылдан бері қызмет көрсетушілер мен жабдықтаушылардың бірлескен форумын өткізіп келеді. KAZENERGY қауымдастығы 2009 жылдан бері осы шараны ұйымдастыруға белсене атсалысады.

Отырысқа қатысушылар Қауымдастық мүшелерінің техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қызметкерлердің денсаулығын жақсарту мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жұмыстарын талқылайды. Шелл, Статойл, ҚМГ Барлау Өндіру сияқты ірі мұнайгаз компания басшылары сөз сөйлемек.

Қауымдастық Кеңесінің жұмысына мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысады. Отырыс барысында KAZENERGY Қауымдастығы мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі арасында Технологиялық келісімге қол қою жоспарлануда.

«KAZENERGY» Қауымдастығы 2005 жылдың 2 қарашасында құрылған. Бүгінгі таңда Қауымдастыққа мүше әрі серіктес компаниялар мен ұйымдардың саны 54 ке жетті. Қауымдастық аясында 11 үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Қауымдастық кеңесі Қауымдастық Төрағасы басшылық ететін консультативтік-кеңесші орган.