Алматыда қазір 1279 соғыс ардагері мен 23 мың еңбек майданының еңбеккерлері тұрып жатыр

None
АЛМАТЫ. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 1,5 миллионнан астам қазақстандықтың 76 мыңы алматылықтар болды. Бұл туралы қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағындағы мәңгілік алау түбіндегі Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты жиында айтты.

«1,5 миллионнан астам қазақстандық Ұлы Отан соғысына қатысып, 500-і Кеңес одағының батыры атанды. Майдан даласындағы бұл шайқастан 76 мыңнан астам алматылықтың 44 мыңы ғана елге аман оралды. Қазір шаһарымызда 1279 ардагер мен 23 мың еңбек майданының еңбеккерлері тұрып жатыр», - деді А.Есімов. Қала әкімінің айтуынша, жас ұрпақ аға буынның ұлы ерлігінен өнеге алып, оларға қарап бой түзеуі керек. Отансүйгіштіктің үлгісін танытып, бүгінгі жарқын да бейбіт өмірдің негізін қалаған соғыс ардагерлері мен еңбек майдангерлерінің ерлігін жастар мақтан тұтуы қажет.