Алматыда «Қазкоммерцбанктің» 93 млн. теңгесін жымқырған алаяқтарға сот үкімі шығарылды

АЛМАТЫ. 23 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматы қалалық Әскери сотында «Қазкоммерцбанктен» алаяқтық жолмен 93 млн. теңге жымқырған 6 адамға сот үкімі шығарылды.

Қылмысқа белсенді атсалысқан 2 адам 9 жыл бас бостандығынан айырылды. Олардың бірі Қаржы полициясының қызметкері болып шықты. Ал қалған мүшелеріне 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасына үкім шығарылды. Олардың ішінде қылмысқа қатысы бар деп айыпталған «Қазкоммерцбанк» және «ҚЗХ» банктерінің 3 қызметкері бар.

«Қылмыскерлер «Қазкоммерцбанктен» 93 млн. теңгені жалған төлем құжат арқылы «Қазақстан-Зираат Халықаралық» банкіне аударған. Одан соң, қаржыны ол банктен өздері тапқан басқа бір адамның есепшотына аударған. Қазір 6 қылмыскер өз қылмыстарына сай тиісті жазаларын алды. Ал тағы бір қылмысқа қатысы бар деген ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері сырттай сотталып, іздестірілу үстінде», деді Алматы қалалық прокуратура басқармасының прокуроры, осы іс бойынша мемлекеттік айыптауды жақтаушы Расул Ахатов.

Қылмыстық іс 2009 жылдың 11 қарашасынан басталған еді. ҚР Бас прокурорының қаулысымен осы іске байланысты арнайы іздестіру тобы құрылып, тергеу амалдарын жүргізу арнайы прокурор Мырзахановқа жүктелді. Ал тергеу айыптау қорытындысымен аяқталып, іс сотқа тапсырылған болатын.