Алматыда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қызметкерлері арасында қысқы спартикиада өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қызметкерлері арасында Қысқы Спартикиада басталды.

 21-қаңтарға дейін созылатын бұл шараға компанияның Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстырындағы өндірістік филиалдары мен Орталық аппараттан  130-ға жуық адам қатысуда. Олар 4 күн бойы  шаңғы жарысы, футбол, үстел теннисі және шахмат бойынша өзара сайысқа түспек.

«Бүгінде азаматтардың денсаулығы үшін ортақ жауапкершілік қағидасын сақтау, дене шынықтыру мен спортты салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызды фактор ретінде насихаттау - бәсекеге қабілетті және табысты болудың алғышарттары. Сондықтан біздің компанияда сауықтыру, қызметкерлерді дене шынықтыру және спортпен айналысуға тарту жұмыстары корпоративтік мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған. Мұны ел тұрғындарының денсаулығын жақсартуға қосылған елеулі үлес деп білеміз» - дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның  Бас директоры Қайрат Шәріпбаев.  Оның айтуынша,  түрлі қашықтықтағы шаңғы жарыстары  Алматы облысы Талғар ауданындағы Солдат сай шатқалында орналасқан «Алатау» шаңғы және биатлон стадиондары кешенінде өтуде. Теңіз деңгейінен 1500 метр биіктікте орналасқан бұл спорт нысаны  2011 жылғы 7-Қысқы Азия ойындарына арнап салынған болатын.