Алматыда «ҚазҰУ түлектерінің күні» өтеді

АЛМАТЫ. 25 мамыр. ҚазАқпарат - Алматыда 26 мамырда  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «ҚазҰУ түлектерінің күні» өтеді.

Бұл жоғары оқу орнының жыл сайын мамыр айының соңғы жексенбісінде атап өтетін дәстүрлі шарасы. Ол Әл-Фараби мен Өмірбек  Жолдасбеков ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталады. Одан кейін барлық түлектер, қонақтар, оқытушылар мен студенттер Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайындағы салтанатты жиынға қатысады. Онда  ҚазҰУ түлектері қауымдастығы өз қызметімен таныстырып үздік түлектерді марапаттап,  «Дос-Мұқасан» вокалдық ансамблі өнер көрсетеді. Түлектер бағдарлама бойынша одан кейін  ҚазҰУ-дың жаңа музейімен танысып,  факультеттерде түрлі кездесулер өткізеді. Бұл шара  18.00-22.00 сағат аралығында ректорат алдындағы алаңда алғаш рет ұйымдастырылатын «Түлектер кешіне» ұласады. Онда университеттің көркемөнерпаздар ұжымы мен «Ұлытау» этно-рок тобы және қазақстандық эстрада жұлдыздары концерт қоймақ.