Алматыда келесі жылы үлескерлер үйлерін түгел алады - қала әкімі

АЛМАТЫ. Шілденің 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда қазір мәселесі шешілмеген бірде-бір үлескер жоқ.

Қала әкімі бүгін Елбасының "Ақ кент" қалашығындағы үлескерлерге пәтер кілтін табыс ету рәсімінде осылай мәлім етті.

"Былтыр қалада 16 мың үлескер болатын. Өзіңіздің тікелей қолдауыңызбен және берген нұсқауыңызбен республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың арқасында олардың жартысынан көбінің мәселесі шешілді. Бүгінге таңда бізде 7400 үлескер бар. Соның 4600-і пәтерлерін биыл алады. Келесі жылы қалған 2800-нің де мәселесі шешіледі", деді Ахметжан Есімов.

Қала басшысының айтуынша, биыл пәтерлерін алатын 4600 үлескердің 2,5 мыңы "Ақ кент" кешенінде. Олардың 1300-і пәтерлерінің кілтін бүгін, ал қалған 1200-і жылдың аяғына дейін алатын болады.