Алматыда кенеге қарсы залалсыздандыру шарасының екінші кезеңі басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда кенеге қарсы залалсыздандыру шарасының екінші кезеңі басталды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Осы шара аясында қаланың 8 ауданы бойынша 2354,17 гектар жерді алып жатқан саябақтар мен гүлбақтарында және шағын ормандарда өңдеу жұмыстары жүргізіледі.  

Бірінші кезекте «Медеу», «Алмаарасан» табиғи саябақтары, «Бутаковка» шатқалы, «Көктөбе» саябағы, «Қарағайлы» шатқалы және «Қарғалы» таулы мекенінде жүргізіледі. 

Бұдан әрі 20 маусымға дейін қаланың барлық саябақтары мен гүлбақтары қамтылады. Қазіргі таңда «Бутаковка» шатқалының 161,7 гектарлық аумағы өңделінді. 

Айта кетелік, Алматы қаласы кене энцефалиті (жұқпалы індет) табиғи ошағында орналасқандықтан, мұнда залалсыздандыру шарасы жыл сайын жоспарлы түрде жүргізіліп тұрады. Мұндай жұмыстар күн жарқырап, ауа-райы құрғақ болып тұрған шақта қолға алынады. 

Өңдеу жұмыстарын «Алматы қаласы бойынша залалсыздандыру орталығы» мемлекеттік мекемесінің филиалы жүзеге асырады. 

Ал жеке үйлер мен саяжайлар және кәсіпорындардың аумағында залалсыздандыру жұмыстарымен жеке компаниялар айналыса алады. Бұл олардың тиісті лицензиясы болуы керек. 

Естеріңізге сала кетелік, кенеге қарсы залалсыздандыру шарасының бірінші кезеңі Алматыда 17 сәуір мен 19 мамыр аралығында жүргізілді.