Алматыда «Кеңес елдерінің өнері» көрмесі ашылады (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда 29 наурызда Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Кеңес елдерінің өнері» атты көрме ашылады.

«2017 жылы Қазан төңкерісіне жүз жыл толады. Жыл өткен сайын бұл дәуір артта қалып барады, бірақ оның саяси-әлеуметтік, мәдениеттанушылық, философиялық құны әлі де өз бағасын алған жоқ. Осыған байланысты, «Кара Гюрла» антикварлық салоны КСРО-ның бұрынғы одақтас республикалары - Қазақ КСР-і, Қырғыз КСР-і, Өзбек КСР-і, Күнгей Кавказ республикалары - Грузин КСР-і мен Армян КСР-інің социализм дәуіріндегі туындыларының көрмесін, дәл кеңес кезеңінде қалыптасқан ұлттық бейнелеу өнері мектептерін ұсынады», - деп хабарлайды Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің баспасөз қызметі.

Шығармашылық тәсілдің жалпы ресмилігіне қарамастан, әрбір ұлттық мектеп ғасырлар бойы дүниетанымдық және эстетикалық дәстүрлермен шыңдалған ұлттық мәдениетке байланысты өз стилін, өзінің көркем-бейнелік жүйесін жасап шығарғаны белгілі.

Көрмеде Қазақстанның көркемдік мектебін Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткерлері Тоқболат Тоғызбаев пен Борис Пактың, Қазақ КСР халық суретшісі Нағымбек Нұрмұхаммедовтің, КСРО Суретшілер одағының мүшелері Хамза Қиқымов пен Валентин Ткаченконың, Қырғызстаннан - Қырғыз бейнелеу өнерінің негізін салған КСРО халық суретшісі Сергей Чуйковтың, Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Виктор Тюриннің, Өзбекстанның даңқты суретшілері - Петр Мордвинцевтің, Нығмат Күзібаевтың, Р. Ахмедовтің, Грузияның белгілі шеберлері Р. Тордияның, Михаил Хвитияның және басқа да суретшілердің жұмыстары көрсетіледі.

Көрме 29 наурызда сағат 17:00-де ашылады.