Алматыда Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновті еске алуға арналған митинг өтті

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 28 панфиловшылар атындағы саябақта Кеңес Одағының екі мәрте батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновті еске алуға арналған митинг өтті. Оған батырдың туған-туыстары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері, әскери оркестр , ҚР ҚМ Радиоэлектроника әскери-инженерлік институтының курсанттары қатысты.

«Талғат Бигелдинов қазақ халқының мақтанышпен еске алатын ұлы ұлдарының бірі. Бары-жоғы 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанды. Мұндай атақты екі рет алған жалғыз қазақ. Оның батырлығы, Отанына деген шексіз махаббаты мен адалдығы, бүкіл өмірлік жолы бүгінгі жастарға үлгі. Бүгін, 5 тамыз - Талғат Бигелдиновтің туған күні. Біздің мақсатымыз - енді жыл сайын дәстүрлі түрде еліміздің барлық өңірлерінде батыр ағамызды ескеу алу күнін атап өту», - деді өз сөзінде «Генералдар кеңесі» РҚБ төрағасының орынбасары, генерал-майор Махмұт Төлеғұсов. Айта кетелік, бүгін офицерлер үйінде Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновке арналған көрме ашылды. Оған батырдың өмірінің әр кезеңінде түскен фотосуреттері және өзіне қатысты архивтік құжаттар, кітаптар, газет және журналдар қойылды. Митингтен соң «Генералдар кеңесінің» мүшелері мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Талғат Бигелдинов Ұлы Отан соғысы жылдарында өзінің 13-ші нөмірлі ИЛ-2 ұшағымен 305 рет шабуылға шығып, көк жүзінде 500 сағат болған. Берлинді талқандау операциясына қатысқан. Жаудың 7 ұшағын атып түсірген. Фашистер Талғат Бигелдинов мінген ұшақты «Қара ажал» деп атаған.