Алматыда Кенесары хан туралы деректі фильмнің түсірілімі басталды

АЛМАТЫ. 6 сәуір. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда «Кенесары» қоғамдық қоры мен режиссер Марат Қоңыров 5 сәуірден бастап қысқа метражды «Кенесары хан» деректі фильмін түсіруге кірісті.

«Дайындық жұмыстары биылғы жылдың 28 ақпанында басталды. Түсірілімдер Алматы қаласының аумағында, Қаскелен және Медеу мұз айдыны маңында өтетін болады. Кенесары ханның рөлін Ерлан Мұсатай сомдаса, ал оның қарындасы Бопай рөлін Лондонда тұратын Айға Жәміл ойнайтын болады. Фильмді түсіру сәуір айының аяғына дейін жалғасады. Премьераны биылғы жылдың жазында қоюды жоспарлап отырмыз»,-деді деректі фильмнің режиссері М.Қоңыров.

Кене хан - Кенесары Қасымұлы (1802-1847) - қазақтың ең соңғы ханы, Абылай ханның немересі. Қазақ халқының патшалық Ресейге, Қоқан және Хиуа хандықтарына қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресін басқарушы.1841 жылы үш жүздің рулық кеңесінде Кенесары Қасымұлы хан болып сайланады.

Кенесары хан қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, халықты бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдыра білді, оның саясаты мен идеологиясы ұлттың даму жолындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталды. Кенесары Қасымұлы «мемлекет тәуелсіздігінің» өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. Ол Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы күрестің басында тұрған тұлғалардың бірі.