Алматыда кеңсе алаяғы ұсталды

None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматыда кеңселер мен ондағы қызметкерлердің мүлкін қолды етіп келген алаяқ ұсталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық ПД ақпаратына сәйкес, азамат Б.-ға қатысты алаяқтық фактісі бойынша іс қозғалды. Күдікті сенімге кіру арқылы жекеменшік кәсіпорындардың кеңсе қызметкерлерінің мүлкін ұрлап келген.

«Ол өзінің адамдарды сендіру әдістері іс жүзінде жақсы жұмыс істейтінін білген. Күдікті компания кеңселерінің біріне кешкі уақытта кіріп отырған. Үйіне қайтуға дайындалып жатқан жәбірленушілерді әңгімеге тартып, өзінің хикаяларын айтып, тонап отырған. Ұры бір кеңседен 150 мың теңге тұратын қымбат проекторды, 250 мың теңгелік камераны, құны 140 мың теңгені құрайтын «Sony Playstation 4» ойын құралын және 40 мың теңгелік «Samsung» теледидарын ұрлап кеткен. Сатылған тауардың ақшасы оған екі айға жеткен. Қаржысы біткенде жаңа қылмыс жасап отырған. Сондай-ақ күдікті «Таугүл» ықшамауданында 200 мың теңгелік видеопроекторды қолды еткен. Ол Алматыдан кетіп қалған, бірақ біздің қызметкерлеріміз оны Нұр-Сұлтан қаласынан ұстады», - дейді Әуезов аудандық полиция бөлімінің бастығы Жасұлан Тұрыспаев.

Тергеу мәліметтері бойынша, алданғандар көп болуы мүмкін, осыған байланысты азамат Б.-ның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы мұқият тексеріліп жатыр. Күдіктіден зардап шеккендер полиция қызметкерлеріне хабарласа алады.