Алматыда кезекті велошеру өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда өткен кезекті велошеруге 3 мыңнан астам адам қатысты. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасынан мәлім еткендей, бұл жолғы шеру Отан қорғаушы күні мен Жеңіс мерекесіне арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әдеттегідей, әуесқойлар сағат 08:30-да «Нұрлы Тау» маңында жиналып, бағалы сыйлықтар ойнатылатын лотереяға қатысу үшін бастапқы нөмірлерін алды. Кейін қала көшелерімен 12 шақырым жүріп өтті.


Республика сарайы маңында мәреге жеткеннен кейін спорт сүйер қауым мен мереке қонақтары Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының, сондай-ақ Қазақстандағы KFC бренд өкілдерінің ҰОС ардагерлерін құттықтау рәсімін тамашалады. Сонымен қатар, Ұлы жеңіс мерекесіне орай ардагерлерге құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтар табыс етілді. 

Ардагерлермен бірге сыйлықтарға велошеру қатысушылары да ие болды. Осылайша, бағалы сыйлықтардың бірі - велосипедті Мұрат Садықов жеңіп алды.


Кейін осы алаңда мерекелік концерт пен ойын-сауық шоу-бағдарламалар, стритболдан жарыстар өтті. Сондай-ақ арнайы шақырылған қонақ, ресейлік рэпер L'One өнер көрсетті.

Еске сала кетсек, аталмыш спорттық шара «Спорттық Алматы» жобасы аясында биыл өткізу жоспарланған 20 велошерудің үшіншісі. Бағдарлама мегаполисте бұқаралық спорттың дамуына, белсенді демалысты насихаттауға бағытталған.