Алматыда кезінде лауреат атанған, кейіннен көрінбей кеткен өнерпаздардың концерті өтті

АЛМАТЫ. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда "Лауреат" деп аталатын жаңа продюсерлік орталық құрылды.

Оның алғашқы шарасы әр жылдары түрлі деңгейдегі байқауларда лауреат болғанымен есімдері көпшілікке онша таныла қоймаған өнерпаздардың тұңғыш концертін өткізуге арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Біздің өзіндік ерекшелігіміз мен бағыт-бағдарымыз бар. Басты мақсатымыз - әр жылдары түрлі республикалық және халықаралық байқауларда лауреат болғанымен, кейін көрінбей тасада қалып қойған өнерпаздарды халықтың есіне түсіру. Көкейімде көптен жүрген бұл ойдың алдымен телевизиялық жобасын жасадым. Алайда оны телеарналардың ешқайсысына өткізе алмадым. Сондықтан концерттік жобасын әзірлеп, оны қалалық мәдениет басқармасының қолдауымен сәтті жүзеге асырдық", дейді "Лауреат" продюсерлік орталығының жетекшісі, Қазақстаның мәдениет қайраткері Мақсат Тілепберген.

Жылына 2 рет өтеді деп жоспарланып отырған бұл концерттің өзгелерден бірнеше басты ерекшелігі бар. Бірінші, онда ешқандай фонограмма болмайды. Екінші, атағы бар өнер иелері қатыспайды. Сондай-ақ опера, эстрада және дәстүрлі ән, жыр, терме, күй өнерінің шеберлері ғана емес, қобызшы, скрипкашы, баяншы, пианист деген сияқты аспаптарда орындаушылар да қатысады. Болашақта олардың қатарына бишілер де қосылмақ. Үшінші, әрбір концертте оның құрамы өзгеріп отырады.

"Жанды дауыс, тірі дауыс деген сөздерді кім шығарғанын білмеймін. Бұл қазақта жоқ түсінік. Қазақ дауысы бар, дауысы жоқ дейді. Ал қандай да бір байқауға қатысып, онда лауреат атану өнерпаздың өнерде өз орнымды алам деп келгенін білдіреді. Біз олар туралы мәліметті Орталық мұрағаттан аламыз. Бірінші кезекте ілгеріде шыққан және ауылда жүрген лауреаттармен жұмыс істейміз. Олар аймақтарға шыққан кезде концертке қосылады. Болашақта жас өнерпаздардың арасынан бір үміткерді - халықаралық, ал екіншісін республикалық байқауға дайындап, қатыстыру туралы жоспар да бар", дейді Мақсат Тілепберген.