Алматыда ҚХА 20 жылдығы құрметіне марапаттар табыс етілді (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы құрметіне қоғам, мәдениет және өнер қайраткерлеріне, сондай-ақ БАҚ өкілдеріне мерейтойлық марапаттар табыс етілді.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аяқталып келеді. Осы жыл аясында көп жұмыстар атқарылды. Бұған бүгінгі шараға келіп отырған қонақтарымыз белсене атсалысты. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығының лайықты деңгейде атап өтілуіне қомақты үлес қосқан этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне, мемлекет, қоғам, мәдениет және өнер қайраткерлеріне, сондай-ақ БАҚ өкілдеріне шексіз алғысымды білдіремін», - деді өз сөзінде Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маргарита Абдалиева.

Марапаттарды Қазақстан халқы Асамблеясы төрағасының орынбасары Любовь Ни табыс етті.

Медальдармен және құрмет грамоталарымен марапатталған азаматтардың ішінде ҚР халық әртісі, әнші, композитр Ескендір Хасанғалиев, ҚР халық әртісі, әнші Нұрғали Нүсіпжанов, отандық эстрада жұлдыздары Толқын Забирова мен Медеу Арынбаев, сондай-ақ, «ҚазАқпарат» ХАА Алматыдағы тілшілер бюросының жетекшісі Сара Мұстафина және басқа да азаматтар бар.

«Мен еңбегімнің бағаланғанына қуаныштымын. Әріптестерімнің барлығын құттықтаймын! Биыл шынында да ерекше жыл болды. Біз Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өттік. Барлық отандастарымды кіріп келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! Елімізде бейбітшілік пен ұлтаралық келісім салтанат құрсын!, - деді ҚР еңбек сіңірген әртісі Медеу Арынбаев.