«Бұл үлкен танымдық шара! Бүгін қала тұрғындары келіп, киіз үй тұрғызуға қатысып, көшет отырғызып, қазақтың ұлттық тағамдарынан: бауырсақ, қымыз, шұбаттан дәм татты. Біздің бүгінгі «Киіз үй» мерекесінде 10 үй тігілді. Міне, осы шараға келгендер қазақтың киіз үйінің қандай бөліктерден тұратындығымен танысып жатыр. Құнды мәліметтер алды», - деді осы мерекелік шараның ашылу салтанатында Халықаралық Бизнес Академиясының ректоры Асылбек Қожахметов.
Бүгін сонымен қатар, осы жоғары оқу орны аумағында қалалық «Алма-Qala - бақша-қаланы қайта өркендетеміз» шарасы аясында көшеттер отырғызылды.
«Сиверс» сұрпы бойынша 10 көшет отырғызылды. Бұл шараға студенттер мен оқытушылар қатысты. Жалпы, көшет отырғызу - жаңа өмірдің басталғандығының, болашаққа ұмтылудың тағы бір символы болып табылады» - деді Халықаралық бизнес академиясының қоғаммен байланыс орталығының директоры Нүрия Хасанова.
Аталмыш шараға «Алма-Qala» қозғалысының директоры, Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерлан Стамбеков пен қазақстандық франчайзинг қауымдастығының вице-президенті Бекнұр Қисықов қатысты.