Алматыда кітап мәдениетіне зор үлес қосқан баспа ісінің үздіктері марапатталды

None
АЛМАТЫ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» және «Бізді кітапқа деген сүйіспеншілігіміз біріктіреді» медалдерінің иегерлері марапатталды.

ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Жанат Сейдумановтың айтуынша, ҚР Баспасөз күні мен ҚР Тәуелсіздігі күніне орай жылына екі рет берілетін «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» медалін марапаттау комиссиясына бұл жолы 40-тан астам ұсыныс түсіп, оның 26-сы лайықты деп табылған. Онда азаматтардың кітап мәдениетін арттыруға қосқан жеке үлесі, шығармашылық еңбек пен адал қызметі және кітап мәртебесін арттырудағы рухани ізденістері басшылыққа алынған. Оған ие болғандар арасында ақын, дипломат, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, «Жерсу» инвестициялық-өндірістік корпорациясының бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспа ісі және дизайн кафедрасының меңгерушісі Сағатбек Медеубекұлы, «Дәуір» баспасының бас директоры Светлана Назарбаева бар. Ал ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин, «Жібек жолы» баспасының директоры Бақытжан Қанапиянов «Бізді кітапқа деген сүйіспеншілігіміз біріктіреді» халықаралық орденінің иегерлері атанды. Сондай-ақ баспагер, жазушы-ғалым Райхан Мәженқызы И.Федоров атындағы «Полиграфия және баспа ісіндегі еңбегі үшін» медалімен марапатталды.