Алматыда клиенттің жоғалған құжаты арқылы банк операцияларын жүзеге асырған алаяқ ұсталды

АЛМАТЫ. 10 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда "Қазкоммерцбанктің" қауіпсіздік қызметкерлері жоғалған құжат арқылы банк операцияларын жүзеге асырған алаяқты қолға түсірді.

Көктемде қала тұрғындарының бірі жеке куәлігі мен Қазкоммерцбанк шығарған төлем карточкасын жоғалып алады. Оны тауып алған азаматша өзінің түр келбетінің ұқсастығын пайдаланып, құжатты өзінің арам ойына пайдалануға тырысады. Алдымен құзырлы органдардан құжат иесінің СТН мен ӘЖК түпнұсқаларын қалпына келтіріп, одан кейін қазақстандық банктердің бірінен 220 мың теңгенің жедел-кредитін рәсімдейді. Сондай-ақ оның шотынан 20 мың теңгені шығарып алып карточканы құлыптап, өз атына басқа карточка шығарып алады.

Ал өз карточкасының құлыпталғанын қазан айында ғана білген зардап шегуші оның жай-жапсарын анықтау үшін банк қызметкерлеріне жүгінген кезде, белгісіз бір азаматшаның өз есебінен белгілі бір көлемде қаражат шығарып алғанын біледі. Осы жайтқа байланысты банктің қалалық филиалының Экономикалық қауіпсіздік басқармасы қызметкерлерінің жылдам әрі дер кезінде жасалған әрекеттерінің нәтижесінде алаяқтыққа қатысты күдікті адамның түр әлпеті барлық бөлімшелерге жіберіледі. Ал айдың аяқ шенінде филиал бөлімшелерінің біріндегі қызметкерлер Жанар Демеқұлова мен Жұлдыз Мыңжасарова кезекті опрациясын жасауға келген оны танып қалады. Алаяқты қолға түсірген Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының полицейлері қазір жиналған материалдар негізінде оның үстінен қылмыстық іс қозғап отыр.