Алматыда ҚМДБ Зекет қорының таныстырылымы өтті

АЛМАТЫ. 30 тамыз. ҚазАқпарат - Өткен жексенбі күні Алматы қаласының салтанат залдарының бірінде Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы (ҚМДБ) ауызашар беріп,

ол жерде жуырда ғана құрылған ҚМДБ Зекет қорының таныстырылымы өтті. Ауызашарға негізінен Алматы қаласының дінге жанашыр кәсіпкерлері шақырылды, деп хабарлайды Зекет қорының директоры Едіге Алпысбай.

Сонымен қатар, кешке қатысушылардың арасында осы кеш үшін арнайы келген Парламент Сенатының депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов, Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорының Атқарушы директоры Балғабек Мырзаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов сияқты қадірлі қонақтар да болды.

Азан айтылып, қонақтар ауыздарын ашып болғаннан кейін, алғашқы болып Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы және Орта Азия Мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі сөз сөйлеп, салиқалы кешті ашты. Ол өз сөзінде қонақтарды қасиетті Рамазан айымен, келе жатқан Айт мерекесімен, Конституция күнімен құттықтай келіп, оларға дәстүрлі дінімізді кеңінен насихаттау жолындағы жұмыстарға қолдау көрсетіп келгендері үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, жуырда Діни басқарманың арнайы Зекет қорының құрылғанын айтып, оның басты мақсаттарына тоқталып өтті.

Одан кейін келген қонақтарға Зекет қоры туралы дайындалған бейнефильм көрсетіліп, оның құрылу мақсаттары мен жұмыс жопары жайлы кеңінен баяндалды.

Соның артын ала, Зекет қорының Қамқорлар кеңесінің төрағасы ретінде тағайындалған сенатор Әділ Ахметов сөз алып, Қазақстандағы және әлемдегі діни ахуалдарға кеңінен тоқтала келіп, Зекет қорының қажеттілігі мен маңыздылығы туралы өз пікірін білдірді.

Сонымен қатар, кеш барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов, Қажылар қауымдастығының төрағасы Еркін Дуанаев, Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорының атқарушы директоры Балғабек Мырзаев және қонақтар арасынан кейбір кәсіпкерлер де шығып сөз сөйлеп, өз кезектерінде құрылып жатқан Зекет қорының көкейкестілігі мен қажеттілігін тілге тиек етіп, өз тараптарынан Қорға қолдау ретінде түрлі сомаларды атап, шынайы пейілдерін іс жүзінде де көрсете білді.

Кеш барысында Жәкен Омаров және Меломен топтарының орындауында мәнді де мағыналы діни әндер шырқалып, қонақтардың көңілдерін марқайта түсті.

Ауызашардың соңында, келген қонақтарға Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорының қолдауымен басылған бірнеше кітаптар топтамасы сыйға тартылды.

ҚМДБ Зекет қоры - Зекет және қайырымдылық садақаларын қабылдап, оны Шариғат үкімдеріне сай таратуды жүзеге асыратын, халықаралық тәжрибеге сүйенген, ұлттық мүддені көздеген, кәсіби басқару жүйесіне негізделген заманауи әлеуметтік-қаржылық институт.