Алматы ӨКҚ алаңында сөз алған ол 2016 жылы бюджеттен 38,3 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Жыл басында оның 25,4 млрд теңгесі игерілді.
Мақсұт Исаховтың айтуынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау аясында көлік реформасын іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтсақ, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар бөлу, ақылы автотұрақтар енгізу, велосипед жолын салу, аяқжолдарды дамыту.
Ол биыл Райымбек батыр, Төле би, Наурызбай батыр, Желтоқсан даңғылдары бойынша қоғамдық көлік үшін жолақтар енгізілгеніне тоқталды.
Еске салсақ, өткен жылы арнайы жолақ Абай даңғылы бойында енгізілген.
Бұдан басқа, қалада жасыл базарда ақылы автотұрақтар ашылды. Биыл олардың санын 3 мыңға, келесі жылы 20 мыңға жеткізу жоспарлануда.
Биыл 150 мың шаршы метр аяқжол жөнделіп, салынды. Келесі жылы бұл жұмыстар жалғасын табады. Биыл 40 шақырым веложол енгізілді, бұл жұмыс та келесі жылы жалғаса береді.
Мақсұт Исахов көлік реформасының негізгі мақсаты - қаланы көліктер үшін емес, адамдар үшін қолайлы ету екенін атап өтті. Қоғамдық көлік үшін жағдай жасау, сонымен бірге автомобильдерге жағдайды күрделендіру қажет. Бұл үшін арнайы жолақтар бөліп, ақылы автоұрақтарды көбейткен жөн.
«Бұл ретте жүргізушілерге баламалы жол ұсынуымыз қажет, сол үшін жұмыс жүргіземіз. Егер білсеңіздер, шағын айналма жол жобасы бар, жоғары жылдамдыққа арналған трасса 66 шақырымдық 4 көшені біріктіреді. Бұл Саин-Әл-Фараби-ВОАД-Рысқұлов. Онда 22 жол айырығы салынды. Биыл Рысқұлов пен Саин көшелерінің қиылысында екі айырық жолды енгіздік.
Бөкейхановта тағы бір айырықты 7 желтоқсанда ашамыз. Оны келесі жылы тапсырамыз. Шағын көлік айналма жолына қатысты айтар болсақ, алдағы жылы Рысқұлов - Емцов - Рысқұлов - Құлжа даңғылы жолында екі айырықтың құрылысын бастаймыз. Осылайша, кең айналма жолда 22 айырық іске қосылады, оның 6-10 жолағы бар, онда бағдаршам болмайды. Қаланың төменгі бөлігінен жоғарыға қарай қала орталығы арқылы өту тиімсіз. Одан да айналма жолға шығып, солтүстікке, сосын айналып оңтүстікке шыққан ыңғайлы, - деді басқарма басшысы.
Реформа қоғамдық көлікті дамытуды, электрондық билет беру жүйесін қамтиды. Алматыда жыл басынан бастап «Оңай» жүйесі іске қосылған.
«Біз Парламентке тарифті әртараптандыру ұғымын енгізуді ұсындық. Әртараптандырылған тарифті бекітсе, қолма-қол төлеу қымбатқа түсіп, картамен төлеу арзандайды. Қазір ол түсінік жоқ болғандықтан, әзірге енгізе алмаймыз. Қазір картамен де, қолма-қол да 80 теңге, келешекте қолма-қол қымбаттайтын болады», - деп хабарлады Исахов.
Бұдан басқа, ол Алматы метроплитенін дамыту жайлы сөз қозғады. Қазіргі уақытта «Достық» және «Сарыарқа» стансаларында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жолаушылар ағыны 80 мыңға артады деп күтілуде. Қазір орташа 45 мың адамды құрайды. Қар қалың түскен күндері олардың саны 65 мың жолаушыға артады.